Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушісімен жол үстінде жанжалдасқан Hyundai автокөлігінің жүргізушісін анықтап, ұстады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам автобус жолағына тоқтап, қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтірген. Сондай-ақ ол агрессивті мінез-құлық танытып, автобустың терезесін бірнеше рет ұрып, балағат сөздер айтқан.

Құқық бұзушының 27 жастағы Алматы облысының тумасы Тоқтар Нарынбай екені анықталды. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, ер адамның берешек міндеттемелерін орындамауына байланысты көлік жүргізу құқығы уақытша тоқтатылғанына қарамастан, автокөлік тізгіндегені анықталды.

Сондай-ақ жол қозғалысы қағидаларын бұзудың бірқатар деректері, оның ішінде қозғалысқа қасақана кедергі келтіру және тоқтау қағидаларын бұзу фактілері тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.