Астанада автобус пен көлік соқтығысып, төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасы Мәңгілік ел даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысында болды. Zeekr жүргізушісі Мәңгілік ел даңғылымен Қабанбай батыр көшесі жағынан келе жатып, Хусейн бен Талал көшесімен қиылыста солға бұрылған. Сол кезде ол қарсы бағытта келе жатқан автобусқа жол бермеген.
Салдарынан Zeekr жүргізушісі мен оның жолаушысы, сондай-ақ автобуста болған екі адам ауруханаға жеткізілді. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.
