Астанада халықты телефон арқылы алдайтын алаяқтарға қарсы Call-орталық өз жұмысын бастады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Anti Call-орталықты қалалық прокуратура «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп ашып отыр. Орталық мамандары Қазақстан аумағынан да, шетелден де келіп түсетін күмәнді қоңырауларды анықтап, бұғаттайды.

Anti Call-орталығының операторлары кибералаяқтарды әңгімеге тартып, олардың уақытын алады және әлеуетті құрбандарына хабарласуына кедергі келтіреді, - дейді прокурор Нұрислам Балтабеков.

Орталықта қоңыраулардың трафигі тұрақты түрде талданады. Егер бір жерден ұзақ уақыт бойы немесе тым көп қоңырау шалынса, алаяқтық әрекеттің белгісі ретінде сараланады.

Мұндай жағдайда оператор алаяқпен сөйлесуді бастайды. Ол неғұрлым көп уақыт жоғалтса, азаматтар соғұрлым қауіпсіз болады. Ұзақ сөйлесу шығыны алаяқтың өзіне түседі, ал бұл уақытта киберполиция қоңырау түсіп жатқан азаматтарға олардың деректері қылмыскерлердің қолына түскені туралы ескертуге тырысады, - деп атап өтті мамандар.

Осы орталықтың көмегімен банк алдында тұрған бір азаматтың атына ірі көлемде кредит рәсімдеуге жол берілмеді.