Астанада Ахмет Байтұрсынұлының портреті 5 мың шеге мен жіптен жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған Sputnik Kazakhstan хабарлауынша, №48 мектеп-лицейінің ұстаздары String art технологиясы арқылы 5 мыңға жуық шеге мен 600 метр жіп пайдаланып, көлемі 3×2 метр болатын ерекше портрет-инсталляция жасаған.
Жас педагогтер Ахмет Байтұрсынұлының 154 жылдығына орай оның бейнесін заманауи өнермен өрнектеген. Ерекше туындының идеясы мектептің жас педагогтерінен шыққан. Олар Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған білім ордасында ұлт ұстазының мұрасын насихаттаудың өзгеше жолын ұсынған.
Жобаны толық аяқтауға 14 күн уақыт кеткен. Жұмыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер арнайы дайындалған тақтайшаға проектордың көмегімен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін түсіріп, портреттің негізгі сұлбасын белгілеген. Кейін тақтайшаға бес мыңға жуық шеге қағылған. Ал одан кейін әр шегеге тоқылған жіптерді бір-бірімен байланыстыра отырып, портреттің бейнесі қалыптастырылған.
Әр жіптің өз орны мен бағыты мұқият есептеліп, нәтижесінде алыстан қарағанда тұтас портрет болып көрінетін әсерлі инсталляция дүниеге келген. Жобаның ерекшелігі – оның тек көркем туынды ғана емес, мектептің рухани-мәдени кеңістігінің бір бөлігіне айналуында.
Жас педагогтер дайын жұмысты мектеп музейіне тарту еткен. Енді ерекше портрет-инсталляция білім ордасына келген оқушылар мен қонақтарға Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын заманауи өнер тілімен таныстыратын көрнекі нысан ретінде қызмет етеді.
