Астанада әйел адам есірткілік мас күйінде көлік жүргізгені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Сарайшық ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мөлдір Жолдасова мәлімдеді. Оның айтуынша, әйел бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын, алайда есірткілік мас күйінде қайтадан рөлге отырған.
«Бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған әйел есірткілік мас күйінде қайтадан рөлге отырғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар, сот оны өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырды», — деді прокурор.
Мөлдір Жолдасова басқа да мысалдарды келтірді. Мәселен, Астананың 40 жастағы тұрғыны алкогольдік мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Ол жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Тағы бір жүргізуші мас күйінде қарсы жолаққа шығып, жол-көлік оқиғасын жасады. Сот оған сегіз ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, он жылға көлік басқаруға тыйым салды.
Прокурордың айтуынша, Қазақстанда алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тиісті нормалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабында және Қылмыстық кодекстің 345-1 және 346-баптарында бекітілген.
Жаза мән-жайлар мен салдарларға байланысты: жүргізушіге қамауға алу, көлік жүргізу құқығынан айыру немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жекелеген жағдайларда рөлге отыруға тыйым өмір бойы әрекет етеді.
Елордада құқық бұзушыларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Прокуратурада жүргізушілерді мас күйінде рөлге отырмауға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» inDrive жүргізушісі жолаушыға төбелес ұйымдастырумен қорқытқаны туралы жазған болатын.
