Астанада үш ер адам адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, елорда тұрғындары Telegram мессенджерінде қыздардың атынан жалған аккаунттар ашып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырған. Кейін оларды қала сыртына күштеп алып кетіп, ұрып-соққан.

Сондай-ақ жәбірленушілерді масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан. Олар бопсалау арқылы үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңге алған.

Жәбірленушілердің бірін микроқаржы ұйымынан кредит алуға мәжбүрлесе, екіншісінің автокөлігін тартып алған, деп хабарлады прокуратура.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен үш ер адам адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.