Астана қаласында «ҚР теннис федерациясы» балалардың дене белсенділігін арттыруға және ерте жастан тенниске деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған «Baby Tennis» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба аясында Астанадағы 50-ден астам балабақшада балалар тенниске баулиды. Аталған жоба № 1, 11, 37, 58, 84, 89, 93, 98 балабақшаларында инновациялық жоба ретінде енгізілген.

Ал тағы бір қатар балабақшаларда қосымша ретінде теннис элементтері өтіп жатыр.

«Жобаның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балаларды теннистің бастапқы элементтерімен таныстыру, ракетканы дұрыс ұстау және допты басқару дағдыларын қалыптастыру арқылы олардың ептілігін, қимыл дәлдігін, тепе-теңдікті сақтау қабілетін және қозғалыс үйлесімділігін дамыту», – дейді әкімдік.

Бағдарлама мазмұны балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын арқылы теннистің қарапайым тәсілдерін меңгеруге бағытталған.