Астана қаласының Білім басқармасы 2026-2027 оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау науқанының жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда 30 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін елорда мектептерінің табалдырығын 35 мыңға жуық бүлдіршін аттайды деп жоспарланып отыр.

Ата-аналар баласын бірінші сыныпқа қабылдату үшін құжаттарды «электрондық үкімет» порталы – www.egov.kz арқылы электронды түрде тапсыра алады. Сонымен қатар құжаттарды мектепке барып, қағаз түрінде де өткізуге мүмкіндік бар.

Бірінші сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар: - ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші; - «Профилактикалық екпелер картасы» (№065/у); - «Бала денсаулығының паспорты» (№052-2/у); - баланың 3×4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуреті.

Құжаттарды қағаз түрінде тапсырған жағдайда ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігінің көшірмесі қоса ұсынылады.

Бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі бойынша толық ақпаратты ата-аналар тұрғылықты жері бойынша мектептерден немесе электронды порталдардан ала алады. Құжат қабылдау 28 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жүргізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігі.