Астана қаласының Нұра және Алматы аудандарында барлығы 32 көпбалалы анаға мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Нұра ауданында сегіз анаға награда берілді. Олардың төртеуіне «Алтын алқа», тағы төртеуіне «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Алматы ауданында елдің демографиялық дамуына және отбасылық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан 24 көпбалалы анаға арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Оның ішінде жеті ана «Алтын алқа», 17 ана «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері атанды.
Астана қаласының әкімдігі аналардың қоғамдағы маңызды рөліне ерекше мән берілгенін атап өтті. Әкімдік мәлімдегендей, ана еңбегі – шексіз мейірім мен сабырды, бар күш-жігерді талап ететін күнделікті үлкен жауапкершілік. Отбасындағы жылулық пен татулықтың сақталуына, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына да аналардың қосар үлесі зор.
Айта кетейік, «Күміс алқа» төсбелгісі алты бала туып, тәрбиелеп өсірген аналарға, ал «Алтын алқа» жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға табысталады.
