Алдағы үш күнде Қазақстанның ірі қалаларында ауа райы құбылмалы болады: елордада аяз күшейсе, оңтүстік мегаполистерде керісінше күн жылынады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, Астанада 12-14 ақпан аралығында жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады. Ауа температурасы түнде -27°С-қа дейін төмендеп, күндіз -18°С-тан -8°С-қа дейін біртіндеп жылиды. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысып, екпіні бәсеңдейді.
Алматыда алдағы күндері тұрақсыз ауа райы күтіледі. 12 ақпанда қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Келесі екі күнде жауын-шашын (қар, жаңбыр) жалғасады. Ауа температурасы түнде -4°С-қа дейін суытса, күндіз +5°С-қа дейін көтеріледі. Синоптиктер жолдарда көктайғақ болатынын ескертеді.
Шымкент тұрғындары мен қонақтарын жауын-шашынды күндер күтіп тұр. 12 ақпанда қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ, бұрқасын және тұман болады. Кейінгі күндері жауын негізінен жаңбырға ұласады. Ауа температурасы түнде +2…+4°С, ал күндіз +10°С-қа дейін жылиды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 8-13 метрге жетеді.
Фото: Әлеуметтік желіден
