Астанада ескі көліктерді қайта сатумен айналысатын автосалонның 25 жастағы иесі мен оның қызметкері ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпкер бастапқыда бизнесін заңды жүргізген. Ол өзгенің көлігін сыйақыға сатып берумен, яғни комиссиялық негізде жұмыс істеген. Алайда, кейіннен ол сыбайласымен бірге көлік сатудан түскен ақшаны иемдене бастаған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, алаяқтардың құрбаны көлігін сатқандар ғана емес, сатып алушылар да болған.
««Ақшасын толық төлеп, бірақ көлігін ала алмаған сатып алушылар да алданған. Күдіктілер ол көліктерді өздері пайдаланып, тіпті жалға беріп отырған», – делінген полиция хабарламасында.»
—
Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Келтірілген шығын көлемі әзірге нақтыланбады.
Фото: Әлеуметтік желіден
