Астанада Абай Құнанбайұлының күніне орай 200-ге жуық оқушы ақынның әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бір мезгілде орындады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұлы дала әуені: Абайдың ән мұрасы» музыкалық флешмобы Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін ортақ шығармашылық алаңда біріктіруге бағытталды.

Іс-шара ашық аспан астында өтті. Әннің көпшілікпен бір мезгілде орындалуы ұлттық ән өнерінің байлығы мен құндылығын айшықтаған әсерлі музыкалық көрініске айналды, деп жазылған хабарламада.

Бірлескен өнер көрсету балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ ұлттық мұраға деген құрметін нығайтуға ықпал етті.

Флешмобты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің өкілдері де қолдады.