Астанада тауарды беру пунктінің 19 жастағы қызметкері 14,9 млн теңгеден астам соманың заттарын ұрлағаны үшін сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, қызметкер маркетплейс қосымшасы арқылы алтын бұйымдарға, киім-кешекке, азық-түлікке және басқа да заттарға тапсырыс рәсімдеген.
«Тауарларды алған кезде оларды жасырын түрде иемденіп, орнына басқа заттарды қайтару немесе қоймаға өзге бұйымдарды өткізу арқылы ауыстырып отырған. Мәселен, құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаларға тапсырыс беріп, оларды әшекей бұйымдарға ауыстырып, сатушыға қайтарған», – деп хабарлады прокуратура.
Жалпы, ол 14,9 млн теңгеден астам сомаға 195 затты жымқырған.
Сот үкімімен оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жәбірленушінің шығынды өтеу туралы азаматтық талабы да қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
