Астанада 150-ге тарта жас суретші Абай Құнанбайұлының портретін бір мезетте салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «10 тамыз – Абай күніне орай» қалада ұлы ақынның әдеби-рухани мұрасын насихаттауға арналған онкүндік іс-шаралар бастау алды. Соның аясында «Абай әлемі балалар көзімен» атты қалалық көркемсурет акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шара Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда өтті. Акция барысында қаламыздағы жекеменшік қосымша білім беру ұйымдарының 150-ге тарта жас суретшісі бір мезетте Абайдың өмірі, шығармашылығы, табиғат лирикасы, қара сөздері мен рухани мұрасынан шабыт алып, қиялдарын шыңдады.
Балалар өз туындылары арқылы Абай әлемін шығармашылық тұрғыдан бейнелеп, оның ұлт руханиятындағы орны мен тағылымын сурет өнері арқылы жеткізе білді, - деп жазылған хабарламада.
