Астанада кондиционер орнату кезінде құлап кеткен жұмысшы 15-қабат деңгейіндегі кронштейнде ұсталып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Есіл ауданындағы Сауран көшесінде болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам кондиционер орнату кезінде шамамен 50 метр биіктіктен құлап, 15-қабат деңгейіндегі кронштейнде ұсталып қалған.

Оқиға орнына келген МЧС қызметкерлері автобаспалдақтың көмегімен 1990 жылы туған ер адамды құтқарып, жерге түсірді.

Ведомство биіктікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және жарамды жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттігін еске салды.

Бұған дейін «Курсив» Оралда жұмысшы Орталық мешіттің күмбезінен құлап, шамамен бес метр биіктіктен бірінші қабаттың шатырына түскенін жазған. Құтқарушылар зардап шеккен адамды автобаспалдақтың көмегімен түсіріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырған.