13 шілдеде Астана және Қазақстанның тағы үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Курсив» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазгидромет» мәліметінше, күндіз НМУ (қолайсыз метеожағдайлар) Астанада, ал түнде Өскемен, Риддер және Алматы қалаларында болжанады.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның тіркесуі кезінде пайда болады. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеуге және мүмкін болса, сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» Астана, Алматы, Шымкент және Қазақстанның барлық 17 облысында 13 шілдеде дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын.