9 шілдеде Қазақстанның екі қаласында – Астана және Қостанайда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Курсив» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің мәліметінше, екі қалада да қолайсыз метеожағдайлар түнгі уақытта күтіледі.

Мамандардың түсіндіруінше, ҚМЖ тымық, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Мұндай жағдайларда зиянды қоспалар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Ластану деңгейіне жел жылдамдығы, ылғалдылық, ауа температурасы және жауын-шашынның болуы да әсер етеді.

ҚМЖ әрекет ету кезеңінде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да шығарынды көздерінің жанында болуды қысқарту ұсынылады.

Балаларға, егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ тыныс алу органдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары және аллергиясы бар адамдарға серуендерді шектеу және қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру кеңес беріледі. Көшедегі қарқынды спортпен айналысуды жабық үй-жайларға ауыстырған дұрыс.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанды экстремалды ыстық басатынын: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын.