«Turkish Airlines» әуе компаниясы «Астана – Ыстанбұл» бағыты бойынша тұрақты рейстерін арттыруға шешім қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін аптасына 11 рейс болса, енді 14 рет орындалады. Ал ұшақтар күн сайын екі рет жолаушылар тасымалдайды.

«Рейс жиілігінің артуы Астанадан қатынайтын ең сұранысқа ие халықаралық бағыттардың бірін жолаушылар үшін одан әрі қолжетімді әрі ыңғайлы ете түседі. Күніне екі рейстің орындалуы жолаушыларға өзіне қолайлы ұшу уақытын таңдауға мүмкіндік береді», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, Түркияның ұлттық әуе тасымалдаушысы - Turkish Airlines компаниясының маршруттық желісі Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарын қамтиды. Әуе паркі Airbus және Boeing ұшақтарынан, соның ішінде Airbus A350 және Boeing 787 Dreamliner әуе кемелерінен тұрады.