Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты TikTok тікелей эфирінде балағат сөздер айтқан ер адамды 10 тәулікке қамауға алды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Соттың мәліметінше, оқиға 7 қарашада шамамен 00:30-да болған. Ер адам қала тұрғынының TikTok-тағы тікелей эфиріне қосылып, балағат сөздерді қолдана бастаған. Сот мұны айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалады.
Ер адамның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оның өзінің кінәні мойындау туралы түсініктемелерімен, полиция инспекторының рапортымен, жәбірленушінің түсініктемелерімен және тікелей эфирдің бейнежазбасымен расталды.
Ер адамның әрекеттері ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық деп сараланды. Бұл бап 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 5–10 тәулікке әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сот ер адамның кінәні мойындағанын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Жаза таңдау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын ашық түрде елемеуін де назарға алды. Нәтижесінде ер адамға осы бапта көзделген әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі – 10 тәулік тағайындалды.
Бұған дейін «Курсив» стендап-комикті өз қойылымында балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілікке тартылғаны туралы жазған болатын – ол 86,5 мың теңге айыппұл төлеген.
