Астанада қоғамдық орында жалаңаштанып жүрген ер адам 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Елорданың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, іс материалдарына сәйкес, Қ. есімді азамат қоғамдық орында бөгде адамдардың көзінше жалаңаш күйде жүрген.

«Осылайша, ол қоғамдық нормаларды және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, айналасындағыларға анық құрметтемеушілік танытқан, азаматтардың ар-намысы мен тыныштығына нұқсан келтіретін жағдай туғызған», – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігінде 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Сот айыпталушыны осы бапқа сәйкес кінәлі деп танып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.

«Сот жазаны тағайындау кезінде қоғамға теріс ықпал ететін, қоғамды құрметтемеушілікті білдіретін және әдепсіз мінез-құлықпен көрініс тапқан әрекеттің сипатын, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасаған адамды заң талаптарын сақтауға және құқықтық тәртіпті құрметтеуге тәрбиелеу, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсаттарын назарға алды», – делінген хабарламада.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында екі ер адамның жалаңаш жүргені туралы хабарланған болатын.