Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, сотталған адам ата-аналарды жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тарифі бойынша сапары ұйымдастырылатынына сендірген.
«Турнирге қатысу ақысын, әуе билеттерін, визалық қызметтерді, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын төлеу деген түрлі сылтаулармен жәбірленушілерден ақшалай қаражат алған. Алайда іс жүзінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай, алынған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған», — деп жазылған хабарламада.
9 жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен қаскөйге 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келтірілген залал сотталған адамнан өндіріп алынды.
