Астанадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атап өтті.
Сала өкілдеріне еңбек қауіпсіздігі талаптарына формалды қарауға болмайтыны ескертіліп, анықталған олқылықтарды жоюға уақыт берілген.
«Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды», — деп мәлімдеді Ербол Тұяқбаев.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды. Талаптардың сақталмағаны анықталған жағдайда, материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.
Жазатайым оқиғалар мен кемшіліктер қайталанатын ұйымдардың жұмысы жеке талданбақ. Инспекторлар бұған дейінгі тергеу нәтижесінде анықталған себептер мен заң бұзушылықтардың қаншалықты толық жойылғанын тексермек.
«Егер жазатайым оқиға орын алып, тергеу жүргізіліп, тиісті нұсқама берілсе, анықталған заң бұзушылықтар жойылғанмен, кейін тағы да қайғылы жағдай орын алса, бұл құрылыс компанияларының бірінші басшыларына қатысты заңды сұрақ туындайды», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Ербол Тұяқбаев өндірістегі оқиғаларды үнемі «адами фактор» деген бір ғана себеппен түсіндіруге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, егер жұмысшы қателік жіберсе, оның неліктен қателескенін анықтау қажет.
Талаптарды жүйелі түрде бұзатын ұйымдарға ерекше назар аударылады. Мұндай компанияларға қатысты қатаң шаралар қолдану ұсынылды. Оның ішінде құрылыс қызметіне берілген лицензияны уақытша тоқтату немесе қайтарып алу мәселесі де заңнамаға сәйкес қаралуы мүмкін.
