Астана полициясы «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі кезінде күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
29 шілде мен 9 тамыз аралығында цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спортты ұштастыратын бірегей жарысқа әлемнің үздік спортшылары, халықаралық делегациялар, жанкүйерлер мен туристер келеді.
«Халықаралық іс-шараның барлық кезеңінде полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады», – делінген ресми хабарламада.
Бұдан бөлек, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жарыс өтетін нысандардың маңында көлік қозғалысы реттеліп, кептелістердің алдын алу, арнайы көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді шаралар қабылданады.
Осыған байланысты жекелеген көшелерде қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
