Ақмола облысында подпольді алтын өңдеу цехы жойылды. Оперативтік шаралар барысында кәсіпорыннан салмағы жарты келіге жуық алтын құймасы, төрт тонна руда және алты келі сынап тәркіленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің (АФМ) қызметкерлері Ақмола облысы прокуратурасының қолдауымен Шортанды ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобын ұстады.

«Руданы ұсақтау және балқытуға арналған жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 кг сынап, сондай-ақ 2 миллион теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақша қаражаты тәркіленді», — деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ тінту кезінде атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды.

Қазіргі уақытта заңсыз әрекетке қатысы бар барлық адамдар анықталып, заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі есептелуде.

Ұйымдастырушы қамауға алынып, тергеу жалғасуда.

«Өзге ақпарат, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, жариялануға жатпайды», — деп түйіндеді АФМ.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда дәрі-дәрмек өндіретін подпольді цехтың жойылғанын жазған болатын.