Астана күніне орай өткен дрон шоу көпшіліктің наразылығын тудырды. Арада 16 күн өтсе де, дауға нүкте қойылған жоқ. Ал қала әкімдігі бұл іс-шарадан хабарсыз болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана күніне орай дрон шоу өтеді деген ақпарат тұрғындар арасында кең тараған еді. Алайда шара көпшіліктің көңілінен шықпады. Мереке күні бұл қойылымды көруге асыққан тұрғындар сағаттап кептелісте тұрып, арнайы келген. Бірақ дрон шоу өте қысқа және жарнамалық сипатта болған.

Шоуды ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл коммерциялық іс-шара болғандықтан, әкімдіктің мерекелік ресми бағдарламасына енгізілмеген. Сондай-ақ шараның жарнамалық сипатта болғанын кейбір көрермендер мен ақпараттық ресурстар дұрыс түсінбеген.

Ал Астана әкімдігі дрон шоудан хабардар болмағанын айтты. Ведомствоның мәліметінше, мұндай іс-шараларды өткізу тәртібі Ішкі істер министрінің спорттық, спорттық-бұқаралық және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу жөніндегі бұйрығымен реттеледі.

"Нұсқаулықтың 5-тармағына сәйкес, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы іс-шара өтетін күнге дейін он күннен кешіктірмей, белгіленген нысанда оның бағдарламасын, регламенті мен сценарийін қоса отырып, жазбаша хабарлама жіберуге міндетті", – деп хабарлады әкімдік.

Дрон шоу ұйымдастырушылары бұл іс-шараны өткізу туралы қала әкімдігіне хабарламаған. "Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігі аталған іс-шараны келісу, ұйымдастыру немесе өткізу туралы шешім қабылдаған жоқ. Әкімдік пен іс-шара ұйымдастырушылары арасында ешқандай шарт, келісім, меморандум немесе басқа да құжаттар жасалмаған", – делінген хабарламада.

Әкімдік дрон-шоудың елорда күнін мерекелеуге арналған ресми іс-шаралар бағдарламасына кірмегенін және оны қала әкімдігі ұйымдастырмағанын атап өтті. Әкімдіктің хабарлауынша, дрон шоу ұйымдастырушының әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

"Тексеру кезінде дрон шоудың қалай ұйымдастырылғаны, оның ішінде жасырын немесе дұрыс көрсетілмеген жарнама белгілері бар-жоғы және жарнама заңнамасының сақталуы мәселесі қаралады. Тексеру нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылданады", – деді Астана әкімдігі.