Астанада көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған ерекше музыкалық перформанс өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Композитордың туған күніне орай Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері көпшілікке кеңінен танымал әндерін қала кеңістігінде орындап, көрерменге тарту етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Перформанс барысында жас өнерпаздар композитордың "Арыс жағасында", "Сағынышым менің", "Бақыт құшағында", "Ана туралы жыр", "Құшақ жайған қандай адам", "Жан құрбым" және "Қайықта" сынды танымал шығармаларын орындады, - делінген хабарламада.
Өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалатын пианино инсталляциясының жанына жайғасып, өнер көрсетті.
Бұл жас өнерпаздарға Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын бүгінгі көрерменге жаңаша танытып, композитордың мол мұрасын заманауи форматта жеткізуге мүмкіндік берді.
