Астанадағы №1 индустриялық паркте Елорда күні қарсаңында үш жаңа зауыт іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Акиматтың мәліметінше, Heart Center Foundations, Nomad Tech Engineering және TAZAU компанияларының жобалары қала экономикасына миллиардтаған инвестиция тартты.
Іске қосылған нысандардың бірі — Heart Center Foundations зауыты. Бұл пластик медициналық бұйымдар өндіретін кәсіпорын жылына 12 млн дана өнім шығарады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 4,155 млрд теңге, 54 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар, Nomad Tech Engineering жылу агрегаттарын өндіретін зауыты іске қосылды. Оған шамамен 2 млрд теңге инвестиция салынып, 40 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 19 дана өнімді құрайды.
Сондай-ақ, TAZAU зауыты 510 млн теңгеге іске қосылып, полипропиленнен жасалған блок-модульді тазарту құрылғыларын (ЛОС, КОС, КНС) шығарады. Мұнда 60 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын жылына 200 дана өнім шығарады.
Бұған дейін «Курсив» Heart Center Foundation зауытының іске қосылудың соңғы сатысында екенін жазған болатын. Зауыт 2026 жылдың мамыр айында пайдалануға беріліп, толық өнім шығаруды тамыз айында бастау жоспарланған. Зауыт жобалық қуатқа 2026 жылдың қыркүйегінде шығуы тиіс.
Осыған дейін Алматыда қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны белгілі болды. Ол негізгі функциясынан бөлек, электр энергиясын да өндіре алады. Жоба Алатау ауданында қытайлық «Junxin Environmental Protection» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Зауыт тәулігіне екі мың тонна қалдықты өңдеп, 60 МВт электр энергиясын өндіре алады.
