Астанадан Арқалыққа жаңа жолаушылар пойызы жүреді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің көліктік қолжетімділігін арттыру үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Нұрлы жол – Арқалық» жаңа жолаушылар пойызын тағайындады.

Бұрын бұл бағыт бойынша тасымалдауды тек жеке тасымалдаушы жүзеге асырған.

Пойыз құрамы

Пойыз 2025 жылы RWS Wagon шығарған алты жаңа вагоннан тұрады: үш купе және үш плацкарт. Құрамның сыйымдылығы 250 жолаушыдан асады.

Вагондар ауа баптау жүйелерімен, заманауи қауіпсіздік құралдарымен, USB порттарымен, электр розеткаларымен және жеке жарықтандырумен жабдықталған.

Бағыт және кесте

Пойыз күн сайын Астана (Нұрлы жол вокзалы) – Жалтыр – Атбасар – Жақсы – Есіл – Державинская – Арқалық бағыты бойынша жүреді.

Тегін интернет

Сондай-ақ, «Нұрлы жол – Арқалық» пойызында Starlink технологиясы негізінде спутниктік интернет іске қосылды. Іске қосу кезеңінде қызмет жолаушыларға әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге, бейнесервистерге, жұмыс платформаларына және басқа да интернет-ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, барлық жүру жолында тегін көрсетілетін болады.

Билеттер

Билеттерді ресми bilet.railways.kz сайтынан немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында сатып алуға болады.