Халықаралық Astana AI Film Festival-ге жасанды интеллект көмегімен жасалған 1900-ден астам фильм түсті. Бұл туралы фестиваль қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысы қорытындысы бойынша хабарланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында конкурстық бағдарлама, Astana Digital Bridge аясындағы іс-шараны дайындау, сондай-ақ Астананың қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға дайындығы талқыланды.
География және статистика
Ең көп жұмыс АҚШ-тан түсті — бұл жалпы өтінімдердің 17% құрайды. Екінші орында Үндістан — 10%, Қазақстан — 8%. Оңтүстік Корея мен Қытайға 5%-дан, Ұлыбританияға 4%, Ресей мен Гонконгқа 3%-дан келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтінімдердің кең географиясы кәсіби қауымдастықтың кинематографта жасанды интеллектті қолдануға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Халықаралық қазылар алқасы
Фестивальдің халықаралық қазылар алқасына ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин және Пекин киноакадемиясының өкілі Ван Хао кірді. Astana AI Film Festival-дің бас серіктесі — Freedom Holding Corp.
Фестивальдің негізгі мәліметтері
Astana AI Film Festival 2026 жылдың 1-3 қазаны аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Бас байқау «The future worth living in» — «Будущее, в котором стоит жить» тақырыбында өтеді. Жүлде қоры — 1 миллион доллар.
Негізгі конкурстан бөлек, бес номинациясы бар ашық секция қарастырылған. Өтінімдерді қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Фестивальдің ресми бағдарламасындағы фильмдер алғаш рет Астанадағы Chaplin кинотеатрының үлкен экранында көрсетіледі. Іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында өтіп, жасанды интеллект, кино және цифрлық шығармашылық саласындағы халықаралық сарапшылармен пленарлық және панельдік сессияларды, воркшоптар мен мастер-кластарды қамтиды.
Қытаймен ынтымақтастық
Жиынға қатысушылар Қытаймен ынтымақтастықты ерекше атап өтті. AI-кино саласындағы Қазақстан-Қытай инновациялық алмасу форумының қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival қоры Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойды. Қытайлық компания фестивальдің ҚХР-дағы ресми өкілі болды.
Фестивальді өткізуді ұйымдастырушылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауымен байланыстырады.
