«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ қызметінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактісі анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік департаменті өткізген тергеуге сәйкес, әуежай өз нарығында монополиялық жағдайға ие бола отырып, авиациялық отын жеткізушілерден реттелмеген алым жинап отырған. «Бұл ретте жеткізушілердің көрсетілген талаптардан бас тарту немесе баламалы қызмет жеткізушісін таңдау мүмкіндігі болмаған», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ аталған алым мөлшерінің кезең-кезеңімен бір тонна үшін 16 240 теңгеден 77 852 теңгеге дейін, кейіннен 60 137 теңгеге дейін өзгертілгені анықталды. Бұның барлығы нарық қатысушыларының қаржылық жүктемесінің артуына және түпкілікті тұтынушылар үшін авиациялық отын құнының өсу тәуекелдеріне әкелген.

Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы бойынша монополиялық жағдайды теріс пайдаланған.