Астана әуежайында 223 дана iPhone 18 смартфонын заңсыз әкелудің жолы кесілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заңсыз әрекетті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Әуежай – Астана" кеден бекетінің қызметкерлері анықтаған.
"Мобильді құрылғыларды заңсыз әкелудің 10 фактісінің жолы кесілді. Барлығы 223 дана iPhone 18 смартфоны және 10 жұп AirPods сымсыз құлаққабы анықталды", — деп жазылған хабарламада.
Кедендік бақылау барысында жолаушылардың багажында көп мөлшерде мобильді құрылғыларды "жасыл дәліз" арқылы, яғни кедендік декларацияны ұсынбастан алып өткені анықталды.
Атап айтқанда, бір жағдайда жолаушы багажында бірден 50 смартфонды әкелуге әрекет жасаған. Бұл жеке тұлғаның кедендік төлемдерді төлемей және декларацияламай, жеке пайдалануға арналған тауар ретінде алып өтуіне белгіленген мөлшерден едәуір асып түседі.
Анықталған фактілер бойынша 4 тұлғаның жеке кәсіпкер мәртебесі болғаны, тағы 4 тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тауар әкелгені анықталды.
Мобильді құрылғылар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды.
