Астанада елорда күніне орай дәстүрлі «Толағай» күш иелері турнирі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жарыс қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналды. Турнир Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген мықты спортшылар қатысып, алты күш сынау пәні бойынша бақ сынасты.
Қатысушылар «фермер серуенінен» өтіп, салмағы 200 кг жүк тиелген арбаны сүйреу, иықтарына 130 кг бөрене алып отырып-тұру, 100 кг тасты белгіленген қашықтыққа тасымалдау, сондай-ақ қылыш пен бұқаның муляжын көтеру сияқты сынақтардан өтті.
Әкімдіктің мәліметінше, турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастар арасында күш спортын дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Көрермендерге қала әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт те дайындалды.
Еске сала кетейік, 6 шілдеде Қазақстанда елорда күні атап өтіледі. Астанада жүздеген іс-шара өтті, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің болашақта қандай болатынын айтты.
