Астана-1 ескі теміржол вокзалын қайта жаңарту барысын астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша мердігерге нысанды белгіленген мерзімде тапсыру үшін жұмысты жеделдету тапсырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Нысанда шатыр жұмыстары аяқталуда. Ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, жылу, желдету, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау және әлсіз ток желілерін орнату жалғасуда. Сыртқы инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде, жағалау платформасындағы жұмыстар аяқталуда, конкорс өткелінің құрылысы жалғасуда», – делінген хабарламада.

Бүгінгі күні қайта жаңартуға 261 жұмысшы және 11 бірлік техника жұмылдырылған. Техникалық жабдықтар мен жиһазды жеткізуге келісімшарттар жасалған. Алайда нысанды тексеру кезінде Қасымбек пен Алдыбергенов қайта жаңартуды уақытында аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет деген қорытындыға келді.

«Мердігер ұйымға жұмысшылар санын және тартылған техника көлемін көбейту, сондай-ақ лифттерді, эскалаторларды, фасадтық жүйелер мен витраж конструкцияларын жеткізу мен орнатуды жеделдету тапсырылды», – деп хабарлады ҚТЖ-да.

Еске салайық, нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метрді құрайды. Жобалық-сметалық құжаттама «Мемсараптама» РМК-да мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Бұған дейін «Курсив» Астана-1 вокзал кешенінің «жаңа» бөлігін қайта жаңарту 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс екенін жазған болатын. Мұнда күрделі жөндеу 20 жылдан астам уақыт бойы жүргізілмегендіктен, инфрақұрылымның жағдайы астаналықтар мен қала қонақтарының көптеген сынына ұшыраған еді.