Қасиетті Құран Кәрімде төрт ай «құрметті айлар» деп аталған: Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп айлары. Осы төрт айдың үшіншісі – Мұхаррам айы. Мұхаррам – һижра жыл санауымен ең бірінші ай. Бұл айдың артықшылығы турасында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Рамазан айынан кейінгі ұстайтын оразаның ең абзалы – Алланың айы Мұхаррамдағы ораза», – деген. Мұхаррам айының оныншы жұлдызы «Ашура» күні деп аталады. «Ашура» араб тілінде «он» деген санды білдіреді, «ашара» сөзінен шыққан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ашура күні ұстаған ораза бір жылдық күнәларға кәффарат делінген. Ашура күні ең басты амал – ораза ұстау. Ғалымдар Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда ашура күні ораза ұстау уәжіп болғанын айтқан. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін ашура күнгі ораза сүннет болып қалды. Ашура күні ұсталған оразаның сауабы жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашура күні ораза ұстау арқылы Алла Тағала өткен жылдағы (кіші) күнәларды кешіруін үміт етемін», – деген. Ашура оразасын ұстау – сүннет, ал одан алдыңғы тоғызыншы, не кейінгі он бірінші күнді қосып тұту – мұстахап.
Бұл күн тәубе етіп, истиғфар тілейтін күн. Ашура күндері пенде бұрынғы жасаған күнәсі үшін Жаратушы Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етуі керек. Бұл күні пендешілікпен біліп-білмей істеген күнәлары үшін арнайы кешірім сұрау жақсы амал.
Ашура күні мұқтаждарға садақа беру керек. Ашура күні садақа берудің артықшылығы өте үлкен. Әмр ибн Ас: «Ашура күні ораза ұстаған бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең, осы күні садақа берген кісі бір жыл садақа бергенмен тең болады», – деген. Мұсылман адам ашура күні де, өзге уақыттарда да қолынан келгенінше өзгелерге қамқорлық танытып, жанашыр болып, қолындағы барымен бөлісе білуі керек. Алла жолында дүниесін жұмсап, садақа беруші зор сауапқа кенеліп, мал-дүниесіне береке кіреді. Періштелердің өзі ол үшін дұға етіп, тілек тілейтін болады.
Ашура – отбасыңа қуаныш сыйлайтын күн. Әдетте отбасының береке-бірлікте, тату да тәтті өмір сүруі үшін сол отбасының әр мүшесі атсалысуы қажет. Ол үшін өзара сыйластық, жылы қарым-қатынастан бөлек, қуаныш сыйлайтын арнайы күн де болу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ашура күні әйел, бала-шағасына кеңшілік жасаса, Алла оған жыл бойы кеңшілік жасайды», – деген.
Ашура күні тыйым етілген істі жасау үлкен күнә. Құран Кәрімде бұл күні ғана емес, жалпы Алланың нығмет еткен әр күнінде кісі баласына жаманшылық жасауға тыйым салады. Әсіресе, төрт құрметті айларда күнәлі істерден сақ болуды бұйырды. Ашура күні – Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкірлік етіп, ораза ұстап, қайырымдылық істер атқарып, жақсылық амалдар жасайтын күн.
