Алматы облысы Ащыбұлақ ауылында 29 жастағы Гүлмира Мырзақұлова өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы марқұмның туыстары мен күйеуінің ата-анасы Sputnik Қазақстанға айтып берді. Гүлмира бірінші некесі сәтсіз болып, екінші рет тұрмыс құрған. Бірінші әйелі екеуі 12 жыл отау құрып, бірақ бала сүймеген. Ерлі-зайыпты еш жанжалсыз бір-біріне бақыт тілесіп, айырылысқан. Ер адам араға уақыт салып, өзінен 13 жас кіші Гүлмирамен бас қосқан. Ал отбасындағы жанжал биыл шілдеде болды.

Әпкесінің айғағы

"23 шілдеде Гүлмира мен тағы бір сіңлім үшеуіміз бейнеқоңыраумен сөйлестік. Мен ашуланып, оны ата-амама айтып бердім. Күйеуіне хабарласып, сіңлімнің сөзін сөйледім. Сөйтіп жатқанымда Гүлмирадан кіші сіңлім маған "анама айтпа" деп жанталасып жазып жатты", - дейді марқұм әйелдің әпкесі Азиза Мырзақұлова.

Әпкесінің анасына айтып қойғанын білген Гүлмира сіңлісімен хош айтысқан. "Гүлмира сіңліме "әпкем ата-анама айтып қойды, екі балам аманат, мен шаршадым" деп айтқан. Содан сіңлім маған "Гүлмира өзіне бір нәрсе істеді, тез бару керек" деді. Мен інімді шақыра салып, оның жалдамалы пәтерін іздедім. Сағат таңертеңгі 11-ден үшке дейін іздеп, әрең таптық. Сол уақыт аралығында күйеуі жақтан ешкім телефонға жауап бермеді", - дейді марқұмның туыстары.

Телефон үшін қолын сындырған

Гүлмира мен күйеуі екі жарым жыл ата-ене үйінде тұрып, бөлек шыққанына 7 ай болған. Қайғылы оқиға екінші рет ауыстырған жалдамалы пәтерде болған. Әйелдің төркіні ол пәтерінің нақты мекен-жайын білмеген. Бірақ Гүлмира осы жылдар ішінде бір де бір рет күйеуінің ұратыны туралы шағым айтпаған.

"Гүлмира күйеуінің телефонын сындырып тастаған. Күйеуіне "сіңлімді неге ұрасың, алып кетем" деп едім "алып кете бер" деді. Ал Гүлмира 26 шілдеде өзіне қол жұмсады", - дейді әпкесі. Туыстары "Гүлмира бұған дейін де таяқ жеді" деп күдіктенеді.

Гүлмираның денесі мәйітханаға жеткізілген. Бірақ екі тарап арасында сол жерде жанжал болып, арты тіпті төбелеске ұласқан.

"Немерелерім науқас"

Sputnik Қазақстан тілшісі күдікке ілінген күйеудің ата-анасымен сұхбаттасты. 70 жастан асқан зейнеткерлер Гүлмира қолдарында тұрғанда жанжал болмап еді дейді.

"Тойын жасап, келін етіп түсірдік. Балам бірінші келінмен өте жақсы тұрды, бірақ баласы болмады. Ал Гүлмира екеуінен егіз немерем дүниеге келді. Қыздың талмасы бар, ал ұлды босанғанда ваккуммен шығарып, содан миына зақым келген. Өздігімен тамақ іше алмайды, көзі көрмейді. 2,5 жасқа келді", - дейді марқұм әйелдің енесі Қызболды Бектемісова.

Былтыр желтоқсанда Гүлмира мен күйеуі бөлек шығатындарын айтқан. Алайда енесі қарсы болған. "Екі немерем де науқас. Титтейінен ауыздарына қасықпен тамақ беріп өсірдім. "Бағып берейін, екеуімен қиналасың" дедім. Содан бала мен келін бөлек шығамыз деп қоймады. Соған құрылыс материалдарын екеуміз сатып алып, таси бастадық. Үй салып берейік дедік", - дейді зейнеткерлер.

Жанжал телефоннан басталған

Бірге тұрғанда бір де бір рет жанжалдаспаған Гүлмира мен күйеуінің бөлек шыққанда шаңырақтары шайқала бастаған. "Балам келінге 7-8 рет телефон соғыпты. Содан үйге келіп жанжалдасып, келін күйеуінің телефонын алып жерге атып ұрған".