Сент-Луисте өтіп жатқан әйелдер арасындағы Cairns Cup-2026 супертурнирінің екінші турында қазақстандық гроссмейстер Бибисара Асаубаева үндістандық Вайшали Рамешбабумен тең ойнады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Параллель өтіп жатқан ерлер арасындағы Sinquefield Cup-2026 турнирінде Асаубаеваның бойфренді, өзбекстандық Жавохир Синдаров Вайшалидің ағасы Прагнанадха Рамешбабуға ұтылды.
Жақында өткен претенденттер турнирінде үндістандық гроссмейстер Асаубаевадан бар болғаны 0,5 ұпайға озып, қытайлық Цзюй Веньцзюньмен шахмат тәжі үшін матчқа дайындалуда.
Кипрде шахматшылар екі рет тең ойнаған болатын. Сент-Луисте Рамешбабу сәтсіз старт алып, өз отандасы Дивье Дешмукхқа есе жіберді. Сондықтан Асаубаевамен партия Вайшали үшін өте маңызды болды.
Бибисара ақ фигуралармен ойнап, шешуші басымдыққа жете алмады. 38-ші жүрісте позицияның үш рет қайталануына байланысты тең ойын тіркелді.
Турнирде америкалық Элис Ли мен қытайлық Тань Чжунъи екі жеңістен кейін көш бастап тұр. Үшінші турда Асаубаева қара фигуралармен Лимен ойнайды.
Бұл беделді супертурнирдің жүлде қоры $250 000 құрайды. Ол американдық шахматтың Меккесі саналатын Сент-Луисте (Миссури штаты) өтуде.
Турнир Сент-Луис шахмат клубының негізін қалаушылардың бірі, әлемдік шахмат Даңқ залына кіретін Джинн Кэрнс Синкфилдтің құрметіне аталған. Ұйымдастырушылардан жеке шақырту алған он шахматшы бір айналымда ойнайды. Уақыт бақылауы классикалық – 40 жүріске 90 минут. Содан кейін партия соңына дейін 30 минут, әр жүріске біріншіден бастап 30 секунд қосылады.
Сент-Луисте параллельді түрде ірі ерлер турнирі – Sinquefield Cup-2026 да өтуде. Ол да Джинн Кэрнс Синкфилдтің құрметіне аталған. Жүлде қоры $475 000 болатын бұл жарысқа шахмат тәжіне үміткер өзбекстандық Жавохир Синдаров қатысуда. Екінші турда Асаубаеваның бойфренді қара фигуралармен Вайшалидің ағасы Прагнанадха Рамешбабумен ойнап, 95-ші жүрісте үндістандыққа берілді.
