Түркістан облысында мас күйде көлік тізгіндеп, үш адамның өмірін қиған әйелге қатысты сот жарыссөзі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушы әйелді 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды 7 арна.
Оқиға 6 маусым күні Арыс қаласында болды. Мектеп мұғалімі үйдің алдында отырған адамдарды қағып, апат болған жерден қашып кеткен.
Ауласында бейқам отырған екі отбасы бір сәтте қара жамылып, үш адам мерт болған еді. Олардың екеуі – бала, біреуі – жүкті әйел. Тағы бір адам ауыр жараланып, екеуі орташа жарақатпен ауруханаға түскен.
Мемлекеттік айыптаушы көлікті мас күйде тізгіндеген әйелді 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«"ҚК 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Касимовқа өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 10 жыл мерзімге түпкілікті бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Асырауында 14 жасқа толмаған қызының бар болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуын 1 жылға кейінге қалдыруды сұраймын", - деді прокурор Ақжарқын Оразбай.»
—
Сол күнгі апаттан Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі ауыр жараланған. Ал оқиға орнында көз жұмған 5 жасар қыз бала да осы жәбірленушінің перзенті.
Әлі денсаулығы қалпына келмеген 30 жастағы әйел сот жарыссөзінде көз жасын тия алмады.
«"Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз, өзім мүгедек болдым. Менің және баламның денсаулығы қайтадан орнына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын шағында басына құран бағыштауға барып жүрмін", - деді ол.»
—
Айыпталушы кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі қызы бар екенін айтып, соттан жеңіл жаза беруді өтінді. Болған жағдайға өкінетінін білдіріп, кешірім сұрады.
Енді бұл іс бойынша сот үкімі 7 қыркүйекте шығады.
