Арқалық қаласында әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, жоба аясында жаңа жолаушылар терминалы салынып, ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы және перрон қайта жаңартылып жатыр. Жобаның жалпы құны шамамен 20 млрд теңгені құрайды.

Құрылысты қаржыландыру үшін мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен құрылған арнайы мемлекеттік қордан 6 млрд теңге бөлінген. Жоба басталғалы бері Арқалық қаласының прокуратурасы құрылыс-монтаждау жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Ведомствоның айтуынша, әуежайдың іске қосылуы Арқалықтың көлік қатынасын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар тұрғындарға көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды.