Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян армян тауарларын Ресейге экспорттауға шектеу енгізілуіне байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жұмысы жақын арада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл Арменияның мәселесі емес, бұл – ЕАЭО-ның мәселесі. Өйткені іс жүзінде Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы тоқтап, жұмыс істемей тұр», – деді ол журналистерге.
Премьер-министрдің айтуынша, егер бұл мәселе тез арада шешілмесе, онда бұл ЕАЭО-ның ыдырауына түрткі болуы мүмкін.
Маусым айының басында Пашинян Армения Еуразиялық экономикалық одақтағы жұмысын жалғастыратынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Армения Еуропалық одаққа (ЕО) мүшелікке кіру туралы ресми өтініш бермейінше немесе ЕО-ға мүше болуға кандидат мәртебесіне жақындамайынша, бұл мәселе бойынша қандай да бір референдум өткізу қисынсыз.
Бұған дейін Россельхознадзор 12 маусымнан бастап Армениядан карантиндік бақылаудағы өнімдерді әкелуге, сондай-ақ оны Ресей арқылы ЕАЭО елдеріне өткізуге шектеу енгізетінін хабарлаған болатын.
Россельхознадзор басшысы Сергей Данкверттің түсіндіруінше, армян ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойылған шектеудің саясатқа қатысы жоқ, ол өндірушілердің өнім сапасын тиімді бақыламауына байланысты енгізілген.
