Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен оның үлкен ұлы Седрак Кочарян отбасылық бизнеске қатысты ондаған нысандарда жүргізілген тінтулерден кейін ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Арменияның Бас прокуратурасы 71 жастағы саясаткерге қатысты қылмыстық қудалауды бастады. Ол қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, пара алды және аса ірі көлемде ақша жылыстатты деген күдікке ілінді.
Кочарян мен оның ұлынан басқа, тергеу аясында тағы төрт адам ұсталды. Барлығы іс бойынша он күдікті бар. Ұсталғаннан кейін экс-президенттің денсаулығы нашарлап, оны ауруханаға жеткізді.
Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің мәліметінше, Кочарян 1998-2008 жылдар аралығында президенттік қызметін атқарған кезінде мемлекеттік активтер нарықтық бағадан төмен бағамен жеке компанияларға заңсыз сатылуы мүмкін.
Осы іс бойынша Арменияның тағы бір экс-президенті Серж Саргсян да өтіп жатыр. 2007-2008 жылдары ол Кочарянның тұсында премьер-министр қызметін атқарған, кейін 2018 жылға дейін елді басқарған. Саргсян билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Оны Еревандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің штаб-пәтеріне шақырды.
Тінтулер Армения премьер-министрі Никол Пашинянның экс-президенттің кенже ұлы Левон Кочарянмен парламенттегі айтысынан кейін бір тәуліктен аз уақыт өткен соң жүргізілді.
Левон Кочарян үкімет басшысын жекелеген адамдарға қатысты іс қозғау үшін соттар мен құқық қорғау органдарына қысым көрсетті деп айыптады.
Бұған жауап ретінде Пашинян Кочаряндар отбасының байлығының шығу тегіне қызығушылық танытты. Ол мемлекет қаражаты есебінен сатып алынған активтер мемлекетке қайтарылуы керек деп мәлімдеді.
Роберт Кочарян бұған дейін де қылмыстық істің фигуранты болған. Оның соты 2019 жылы басталды. Экс-президент 2008 жылғы президенттік сайлаудан кейінгі наразылық акцияларына қатысушыларға қарсы заңсыз күш қолданды деп айыпталған. Қақтығыстар кезінде кемінде он адам қаза тапты. Кейін айыптаулар алынып тасталып, іс 2021 жылы аяқталды.
Еревандағы Кавказ институтының директоры Александр Искандарян Кочарянды сынаушылар оны билікте болған кезіндегі сыбайлас жемқорлық үшін көп жылдар бойы айыптап келе жатқанын атап өтті.
Саясаттанушының пікірінше, жаңа қылмыстық іс пророссиялық оппозиция мен Еуропалық Одақпен жақындасуға бағыт ұстанған Пашинян үкіметі арасындағы қарама-қайшылықты күшейтеді.
«Әрине, бұл Кремльге сигнал. Кочарян өзін Ресей мүдделерінің өткізгіші ретінде көрсетіп жүр, және біз биліктің Ресейге бағытталған саяси күштермен қарқынды және барлық мүмкін құралдармен күресе бастағанын көріп отырмыз», — деді Искандарян.
