Арменияны ОДКБ-дағы дауыс беру құқығынан айыруы мүмкін. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ОДКБ) мүше елдер Арменияға қатысты санкциялар қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Себеп — Ереванның ұйым бюджетіне жарналарды көп жыл бойы төлемеуі. Бұл туралы Қазанда өткен ОДКБ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Лавровтың айтуынша, Ереван міндетті төлемдерді екі жылдан астам уақыт бойы аудармаған. Осыған байланысты ұйымға мүше мемлекеттер ОДКБ жарғысының 20-бабын қолдану мүмкіндігін зерттеуді жоспарлап отыр.
Құжатқа сәйкес, қарызы бар мемлекет ОДКБ органдарында дауыс беру құқығынан және квоталық лауазымдарға өз өкілдерін ұсыну құқығынан қарыз толық өтелгенге дейін уақытша айырылуы мүмкін. Жекелеген жағдайларда жарғы елдің ұйым қызметіне қатысуын тоқтата тұруды немесе тіпті оны шығаруды да көздейді.
Сергей Лавров Арменияның ұйымның толық құқылы мүшесі болып қала беретінін, алайда ұзақ уақыт бойы оның іс-шараларына қатыспайтынын атап өтті.
Ресей Сыртқы істер министрі сондай-ақ Ереванға одан әрі сыртқы саяси бағытты — Еуропалық Одақпен қарым-қатынасты тереңдету мен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүшелікті сақтау арасында таңдау жасау керектігін мәлімдеді.
Бұдан басқа, Лавров армян билігін НАТО-мен ынтымақтастықты күшейтті деп айыптады. Оның сөзінше, Армения альянс елдерімен бірлескен жаттығулар өткізіп, қару-жарақ сатып алып, НАТО мен Еуропалық Одақтың әскери құрылымдарымен байланыста болып келеді.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұған дейін елдің ОДКБ-ға қатысуын тоқтата тұруды ұйымның 2022 жылы Таулы Қарабақтағы оқиғалар кезінде өз міндеттемелерін орындамауымен түсіндірген болатын.
Бұған дейін Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан президенттері Армения жағдайына қатысты бірлескен мәлімдемеге қол қойған. Елге таңдау ұсынылады: Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) қалу немесе Еуропалық Одаққа (ЕО) қарай жылжу.
