Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қоланы қазақстандық Арлан Жанабай жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық спортшы 750 метр жүзу, 20 шақырым велосипед тебу және 5 шақырым жүгіруді 53 минут 11 секундта еңсерді. Ол Жапониядан келген чемпион Такуми Ходжодан небәрі 15 секундқа қалып қалды (52.56). Күмісті қытайлық Чжан Сюжуй алды (53.05).

Жанабайдың Қазақстан құрамасындағы жолдасы Аян Бейсенбаев тоғызыншы орынды иеленді – 54.56.

Триатлон қашықтығында 33 спортшы старт алды, 29-ы мәреге жетті.

Азиадалар тарихында Қазақстан триатлоннан алты медаль жеңіп алды. Жалғыз алтынды 2006 жылы Дохада өткен АИ-де Дмитрий Гааг иеленген болатын. Бейсенбаев 2018 жылы вице-чемпион атанып, Азиада-2022-де үшінші орынды иеленді.

Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 217-сі – ерлер арасында, 204-і – әйелдер арасында және 39-ы – аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы өнер көрсетеді.