Көрнекті кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов 70 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Ардақ Жамансарыұлы ұлттық кино өнерін дамытуға саналы ғұмырын арнап, қазақ кинематографиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Министрліктегілер оны дарынды режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде бірнеше буын киногерлердің қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті.
Ұлттық киноға қосқан үлесі
Министрлікте хабарлағандай, Ардақ Әмірқұловтың "Отырардың күйреуі", "Абай", "Қош бол, Гүлсары!" және өзге де фильмдері ұлттық кино өнерінің алтын қорынан орын алды.
Оның шығармалары ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленіп, көрермен қауым мен кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болды.
Көңіл айту
Министрлік марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып: "Ардақ Жамансарыұлының жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры мен қазақ мәдениеті мен кино өнерінің дамуына сіңірген елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!", - деді.
Өмірбаяны
Ардақ Әмірқұлов 1955 жылдың 10 желтоқсанында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және "Құрмет" орденінің иегері.
