Қазақстан Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және Сырдария бассейніндегі су арналарын жөндеу үшін Дүниежүзілік банктен қарыз алуды жоспарлап отыр. Тек билік ашқан жобалардың құны шамамен 80 млрд теңгені құрайды. Осы қаражатқа үкімет су шығынын азайтып, Солтүстік Аралдың көлемін 34 текше шақырымға дейін ұлғайтуды көздейді. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Билік Қызылорда облысындағы 15 коммуналдық арнаны бетондауды жоспарлап отыр. Олардың реконструкциясы шамамен 22,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде сегіз арна (3,9 млрд теңге) Дүниежүзілік банктің бірінші кезеңінде қаржыландырылса, тағы жеті жоба (18,8 млрд теңге) екінші кезеңге енгізіледі.

Сонымен қатар, үкімет тағы 33 арнаны жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатыр. Осы нысандар бойынша құрылыс жұмыстарының болжамды құны 56,8 млрд теңгені құрайды.

Осылайша, тек осы жұмыс топтамасына билік алдын ала 79,5 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өңірде Ислам даму банкінің желісі бойынша 4,2 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылуда.

Сенатор Руслан Рүстемов үкіметке сауал жолдады. Оның айтуынша, Қызылорда облысындағы арналардың көпшілігі 1960-1970 жылдары салынған және қазір апатты жағдайда.

Инфрақұрылымның тозуына байланысты су егістікке жетпей, жерге сіңіп кетеді. Жыл сайынғы шығын 2 млрд текше метрге дейін жетеді. Депутаттың сөзінше, бұл Қазақстандағы су шығынының жартысына жуығы.

Арналарды бетондаудан бөлек, ауқымды жоба Арал теңізін сақтауды көздейді. Ол үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау жоспарлануда – оны екі метрге көтереді.

Су ресурстарын жинақтау үшін биыл Қараөзек тармағында көлемі 775 млн текше метр жаңа су қоймасының құрылысы басталады.

Жаңғырту аясында билік 500 шақырымнан астам суару желілерін жөндеп, тағы 1,1 мың шақырымға автоматты басқаруды енгізуді қалайды. Барлығы жоба Қызылорда және Түркістан облыстарындағы 180-нен астам нысанды қамтиды.

Қазір үкімет мемлекеттік кепілдік алу және Дүниежүзілік банктен қарыз тарту үшін құжаттар дайындап жатыр. 2026 жылдың соңына дейін билік тиісті несие келісіміне қол қоюды жоспарлап отыр.

Бұған дейін «Курсив» Тоқаевтың Арал теңізін сақтау бойынша жаңа шараларды ұсынғаны туралы жазған болатын.