Ақтөбеде «АҚШ-тың отставкадағы офицеріне» сеніп қалған зейнеткер әйел бір миллион теңгеден айрылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция ұсынған ақпаратқа сәйкес, 62 жастағы әйел әлеуметтік желілердің бірінде өзін америкалық отставкадағы әскери офицер ретінде таныстырған шетелдік азаматпен танысқан. Офицер жылы сөздер айтып, болашақта кездесуге де уәде берген. Артынан уақытша қаржылық қиындыққа тап болғанын жазған. Қарызға ақша алып, Қазақстанға барғасын толығымен қайтаратынына сендірген.
Оның сөзіне сенген зейнеткер бірнеше аударыммен алаяқтың есепшотына 1 миллион теңге жіберген. «Ақша қолына тигеннен кейін күдікті байланысын тоқтатқан. Әйел өзінің алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр», - дейді тәртіп сақшылары.
Полиция интернет арқылы танысқан адамдарға ақша аудармауға, жеке және банк деректерін ешкімге бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.
