Ақтөбе облысында танысын өлтіріп, мәйітін қоқыс жәшігіне тастаған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот мәліметінше, сотталушы мен жәбірленуші бірге алкогольдік ішімдік ішкен. Араларында жанжал туындап, сотталушы жәбірленушінің кеуде тұсына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстың ізін жасыру мақсатында сотталушы жәбірленушінің мәйітін жол сөмкесіне салып, қоқыс контейнеріне апарып тастаған. Алайда ол полицияға өзі келіп, өз кінәсін ішінара мойындаған.

Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.