Ақтөбеде 19 маусым күні кешке автогазбен жанармай құю станциясында (АГЖС) орналасқан көлікте өрт шығып, үш адам қаза тапты, оның екеуі — кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Куәгерлердің айтуынша, өрт басталғаннан кейін жалын шарпыған көліктің жанында бір ер адам көмек сұрап жүрген. Сондай-ақ, көлік ішінде адамдар болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мәліметінше, 112 нөміріне қоңырау 22:55-те түскен. Өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі шақырту бойынша жұмыс істеді. Өрт сегіз минут ішінде — 23:03-ке дейін сөндірілді.
«Өртті сөндіру кезінде көлік салонынан үш қайтыс болған адамның денесі табылды, оның екеуі кәмелетке толмағандар. Бір зардап шеккен адам медициналық мекемеге жатқызылды», — деп хабарлады ТЖД.
Ведомство өрттің автогазбен жанармай құю станциясының нысандарына тарамағанын атап өтті.
Оқиғаның салдарын жоюға ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері мен оннан астам техника, оның ішінде жедел-құтқару отрядының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды.
Өрттің себептері анықталып жатыр. Оқиға бойынша тергеу басталды.
Бұған дейін «Курсив» Щучинскідегі «Центр плова Loft» мейрамханасында газ баллонының жарылуы мен өрт салдарынан 12 адам қаза тапқан оқиға бойынша арнайы прокурорлардың тергеуді аяқтағанын жазған еді.
