Ақтөбеде Санкибай батыр даңғылында орналасқан караоке-клуб ғимаратында өрт шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан ТЖМ мәліметінше, жалын екі қабатты ғимараттың екінші қабатын және шатырын шалды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін мекеме қызметкерлері ғимаратты өз бетінше тастап кеткен. Оқиға кезінде ғимаратта жеті қызметкер болған, келушілер болмаған.
«Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт 200 шаршы метр аумақта сөндірілді», – деп хабарлады ТЖМ.
Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептері анықталып жатыр.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және оқиғалар туралы 112 нөміріне уақытылы хабарлау қажеттігін еске салды.
Бұған дейін «Курсив» Астанада құтқарушылардың Есіл өзенінен ағыспен кетіп бара жатқан ер адамды құтқарғаны туралы жазған. Оқиға Орталық саябақ маңында болған.
