Ақтөбедегі газ құю станциясында болған өрттен аман қалған ер адамға өз терісін ауыстыру операциясы жасалады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Kazinform мәліметінше, 54 жастағы науқас бір айға жуық уақыттан бері Ақтөбе қалалық көпсалалы №1 ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ол өрт кезінде әйелі мен екі баласынан айырылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, автокөліктегі өрт кезінде ер адам денесінің шамамен 50%-ын күйік шалған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.

«Науқастың жағдайы тұрақты, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты. Науқас бейінді бөлімшеде қажетті ем алуда. Беті мен аяқ-қолындағы күйік жаралары біртіндеп жазылып келеді. Емдеу жоспарына сәйкес, алдағы уақытта кеуде аймағындағы күйік жараларына аутодермопластика жасау жоспарланған», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Аутодермопластика — науқастың өз терісін ауыстыру арқылы кең күйік жараларын жабу операциясы.

Еске салайық, қайғылы оқиға 19 маусымда Ақтөбедегі газ құю станцияларының бірінде болған. Аумақта тұрған автокөлік өртеніп кеткен. Өрт салдарынан үш адам қаза тапты. Кейін олардың жүргізушінің әйелі мен екі кәмелетке толмаған баласы екені анықталды.

Оқиғадан кейін газ құю станциясының иесі қамауға алынды. Жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.