Ақтөбеде алаяқтар зейнеткерді алдап, 750 мың теңгесін иемденіп кеткен, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
70 жастағы кейуанаға белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкері ретінде таныстырған. Олар медициналық қызметтерді әрі қарай алу үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, әйелдің телефонына келген SMS-кодты айтуды сұраған.
Арада біраз уақыт өткен соң зейнеткерге өздерін eGov порталы мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар алаяқтар оның банк шоттарына кіруге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшасын "сақтап қалу" үшін өз нұсқауларын орындауды талап еткен. Әйел алаяқтардың айтқанына сеніп, салдарынан 750 мың теңгесінен айырылған.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды алаяқтардың құрбаны болмау үшін сақ болуға шақырады.
